мектеп жарғысы "Сұптай орта мектебі" кмм » Сұптай орта мектебі
Жетісу облысы білім басқармасының
Панфилов ауданы бойынша білім бөлімінің
"Сұптай орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » мектеп жарғысы "Сұптай орта мектебі" кмм
11
июль
2023

мектеп жарғысы "Сұптай орта мектебі" кмм

  1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕ


  1.      «Сұптай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңды тұлға дәрежесіне ие, ұйымдастыру-құқықтық түрінде білім беру функцияларын жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық емес мемлекеттік мекеме болып табылады. 
  2.      Мектептің жұмыс аптасы режимі, сабақ кестесінің тәртібі және академиялық сағатының ұзақтығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес анықталады. Оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру ата-аналар комитеті және қамқоршылық кеңесімен келісілген сабақ кестесі арқылы реттеледі. Сабақ кестесі білім алушылардың тамақтану үшін үзілісті қарастырады.
  3.      Мектептің негізгі қызметінің нысаны жалпы орта білім беру бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады.
  4.      Мектеп өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы», «Педагог мәртебесі» заңдарын, Президенттің Жарлықтарын, Үкіметтің және орталық атқарушы органдардың қаулылары мен қарарларын және осы Жарғыны басшылыққа алады.
  5.      Мектеп Жетісу облысы әкімдігінің  2022 жылғы   31  тамыздағы  №16 бұйрығына сәйкес аудан  мектептерінің атауының өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өтті. 
  6.      Мемлекеттік тілдегі толық атауы: «Жетісу облысы білім басқармасының Панфилов ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Сұптай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік   мекемесі, Орыс тіліндегі толық атауы: «Коммунальное государственное учреждение «Суптайская средняя школа» государственного учреждения «Отдел образования по Панфиловскому району Управления образования области Жетісу»
  7.      Мектептің құрылтайшысы және меншік иесі «Жетісу облысы әкімдігі» болып табылады. Мектептің мемлекеттік басқару органы «Жетісу облысы білім басқармасының Панфилов ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі болып табылады.
  8.   Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Сұптай ауылы,  А.Байтұрсынұлы көшесі, №23, Индекс 041326.
  9. Мемлекеттік мекеменің қызмет мерзімі шектеусіз.
  10. Меншік – мемлекеттік.

1.11   Мемлекеттік мекеменің түрі – коммуналдық.


  1. МЕКТЕПТІҢ ЗАҢДЫ МӘРТЕБЕСІ


  2.1.        Мектептің білім беру құқығы Жетісу облыстық білім саласын бақылау департаментінен лицензия алған сәттен басталады.

2.2.   Мектеп заңды тұлға құқығын мемлекеттік мекеме ретінде әділет органдарында ресми тіркелген кезден иемденеді.

  2.3.     Мектептің жеке балансы, бланкілері, банкте есеп-шоты, мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі мен штампысы бар. 

2.4      Мектеп Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген Ережелерге сәйкес мемлекеттік аттестаттаудан өтеді.

2.5.         Мектеп қоғамның, ата-аналардың және білім беруді басқару органдары алдында балалардың жасына, ақыл-ой, дене бітімі ерекшеліктеріне сәйкес сапалы білім беру мен тәрбиеге жауап береді.

2.6.      Мектеп балалардың денсаулығын қорғау талаптарына сәйкес, сауықтыру шараларын өткізеді, санитарлық-тазалық нормаларын сақтайды, дене және ой өрісін дұрыс қалыптастырады. Мектепте арнайы бекітілген дәрігерлік қызметкерлер оқушылардың денсаулығына тексерулер жүргізеді.

2.7.        Мектепке саяси партиялардың, қоғамдық-саяси және діни   

          қозғалыстардың  ұйымдық құрылымдарын ашуға жол берілмейді.


  1. МЕКТЕП   ҚЫЗМЕТІНІҢ  НЫСАНАСЫ  МЕН   МАҚСАТТАРЫ 


  1. Мектептің: 
  • жалпы білім беру бағдарламаларындағы білім мазмұнының міндетті деңгейін игерту негізінде оқушылардың жалпы ғылыми, мәдени дайындығын қалыптастыру;
  • оқушыларды қоғамдық өмірге әлеуметтік жағынан бейімдеу, кәсіпті еңбек түрін саналы түрде таңдауға, меңгеруге негіздеу;
  • оқушыларды азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке; 
  • мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге, халық дәстүрін сыйлауға, Ата Заңымызға, қоғамымызға қарсы кез-келген  көріністерге төзімсіздікке тәрбиелеу;
  • «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын насихаттау;
  • сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын қалыптастыру;
  • «IT» білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру;
  • Үш тілді білім алуды жетілдіру негізгі қызметі болып табылады.
    1.       Мектеп оқыту процесін білім берудің үш сатылы деңгейінде, жалпы білім беру бағдарламаларымен жүзеге асырады:
  • бастауыш мектеп-жалпы бастауыш білім (мерзімі 4 жыл);
  • негізгі мектеп – жалпы негізгі білім (мерзімі 5 жыл);
  • орта мектеп–жалпы орта (толық) білім (мерзімі 2 жыл), (екі бағытта: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық);
  • бес (алты) жастағы балалар үшін мектепке даярлау мақсатында мектепалды даярлық сыныптары ашылады; 

3.3.    Мектепте оқыту қазақ тілінде жүргізіледі. Оқыту тілін аудандық білім  бөлімі халықтың қажеттілігі мен сұранысына қарай анықтайды. Мектеп оқыту тіліне қарамастан Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік тілді оқытуды қамтамасыз етеді.     

3.4.      Білім беру процесі мемлекеттік стандарттың негізінде жасалған оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.

3.5.         Мектепалды топтың  және сыныптардағы оқушылардың толымдылығы   

          Білім және ғылым министрлігі бекіткен стандартқа сәйкес жинақталады.

          Бес жастағы балалар мектепалды даярлық тобына, ал алты жастан  

          бірінші сыныпқа қабылданады.

          Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін мынадай құжаттар қажет:

  • ата-аналардың (оларды ауыстыратындардың) өтініші;
  • баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • баланың денсаулығы туралы дәрігерлік анықтама;
  • 3х4 см көлеміндегі 2 дана фотосурет.

3.6.    Азаматтар мектепке:

  • мектепте бос орын болған жағдайда, 18  жасқа толмағандар;
  • жалпы білім беретін басқа білім мекемесінен ауысып келгендер;
  • өз бетінше жалпы білім алғандар қабылдануы мүмкін.

3.7.         Қабылданған оқушылардың ата-аналарымен, заңды өкілдерімен екі     

          дана келісім шарт жасалады:

  • бір дана ата – анада;
  • бір дана мектепте.

3.8.        Мектеп оқушыларының үлгерімі критериалды бағалау жүйесі бойынша бағаланады. Оқушылар білімін бағалау мақсатында, бөлім, ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау үдерісі жүргізіледі. Тоқсан соңында тоқсандық жиынтық бағалау өткізіліп, электронды журналға балл түрінде енгізіледі. Электронды журнал тоқсандық қорытынды бағаны шығарады. Ата – аналарға оқушылардың даярлығы туралы күнделікті сабағына «Kundelik-kz» бойынша комментарий жазылады. Ақпарат ата – аналарға рубрика түрінде беріледі.

3.9.  Мектеп ОПМПК-ның қорытындысы негізінде, үйден оқытуды ұйымдастырады. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған оқушыларға педагогикалық кеңестің шешімімен  негізгі орта мектепті бітіргендігі туралы анықтама, аттестат беріледі.

  1.       Заңға қайшы әрекет жасағаны, Жарғыны өрескел және бірнеше рет бұзған оқушылар мектепішілік және аудандық ішкі істер бөлімінің есебіне қойылады. 
  2.       Негізгі және орта білім беру бағдарламасын игеру қорытынды аттестаттаумен аяқталады. Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасының орталық атқару органы бекіткен «Қорытынды аттестаттау туралы» ережеге сәйкес өткізіледі.

Мектеп бітірушілерге педагогикалық кеңестің шешіміне сәйкес, қорытынды бағалары қойылған мемлекеттік үлгідегі аттестаттар беріледі.

  1.       Негізгі және орта білім беру бағдарламасын игеруде ерекше жетістіктерге жеткен мектеп бітірушілерге «Алтын белгі», «Үздік аттестат», таңдау пәндері бойынша «Мақтау грамотасы» беріледі. 

      Мектеп оқушыларға мемлекеттік жалпы білім беру стандарты шеңберінде оқу жоспарынан тыс:

  • репититорлық сағаттар өткізуге;
  • өнер үйірмелері;
  • роботтандыру;
  • қолданбалы үйірмелер;
  • спорт үйірмелерінен қосымша ақылы түрде сабақтар бере алады.

3.13         Мектепте «Жас қыран» және «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен 

           жасөспірімдер топтары ұйымдастырылып, жиындары өткізіледі.

3.14        «Жас – сарбаз» әскери – патриоттық сыныптары құрылады.


  1. МЕКТЕПТІ   БАСҚАРУ


  1.       Мектепті басқару Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, мектеп Жарғысына сәйкес демократия, ашықтық, жалпы адамзат құндылықтарын дәріптеу, адам өмірі мен ар-ожданын құрметтеу, денсаулықтарын нығайту, тұлғаның еркін даму принциптеріне негізделе отырып жүргізіледі.
  2.       Мектепте жергілікті өкілдік, атқарушы және құқық қорғау органдарының жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестер, коммерциялық емес ұйымдардың және демеушілердің өкілдерінен тұратын «Қамқоршылық Кеңесі» құрылады. Кеңес құрамынан төраға сайланады, ол Кеңестің жұмысын басқарады, отырыстар өткізеді және шешімдерге қол қояды. 

      Қамқоршылық Кеңестің құзырына:

  • мектеп директоры лауазымына тағайындауға келісім беру;
  • мектептің бюджетін қарау;
  • демеушіліктен түскен қаражатты бөлу;
  • мектепке демеушілік мәселелерін ұйымдастыру т.с.с жатады.
    1.       Мектепте педагог қызметкерлерді біріктіретін «Педагогикалық       Кеңес» жұмыс істейді.

                Педагогикалық кеңестің құзыретіне:

  • мектепті дамыту жоспарын бекіту;
  • педагогтардың жылдық оқу жүктемесін бекіту;
  • оқушылар мен ата – аналардың өтініштерін ескере отырып, 

10 сыныпта бағдарлы оқытуды таңдау;

  • білім беру  стандартынан оқу процесінің түрлері мен әдістерін және оларды іске асырудың түрлі нұсқаларын таңдау; 
  • педагогтік қызметкерлердің шеберлігін жетілдіру мен олардың шығармашылық белсенділігін арттыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
  • осы оқу жылында тапсырылатын емтихан немесе сынақ түріндегі 

аралық аттестаттауды өткізу жөніндегі шешімдерді қабылдау;

  • оқушыларды сыныптан – сыныпқа көшіру, марапаттау, қайталап оқуға қалдыру мәселелері туралы шешім қабылдау; 
  • сабақ кестесін бекіту және т.с.с. жатады.

      Педагогикалық кеңес жоспарлы түрде жылына 4 реттен кем емес мерзімде отырыс өткізіп отырады. Педагогикалық кеңестің кезектен тыс отырысы мектеп педагог қызметкерлерінің үштен бірінің талабы бойынша өткізіледі. Мектеп педагогикалық кеңестің шешімі егер отырысқа мектеп педагог қызметкерлерінің үштен екісі қатысса және оған қатысушылардың жартысынан  көбі дауыс берсе, заңды деп танылады. Дауыс беру тәртібін кеңес белгілейді. Педагогикалық кеңестің шешімдері директордың бұйрығымен іске асырылады.

Ішкі бақылау, эвалюация нәтижелерін жоспарлы түрде қарап, шешімдер қабылдайтын  жылына 4-5 рет өтетін кіші  педагогикалық кеңес жұмыс жасайды. 

Мектеп жұмысын нәтижелі жүргізу мақсатында айына 1 рет директор жанындағы кеңес өткізіледі.

Тәрбие саласының жүргізілуін зерделейтін, жылына 4 реттен кем емес сынып жетекшілер семинары өткізіледі.  

  1.        Еңбек ұжымының жалпы жиналысы қажеттілікке қарай өтеді. Жиналыстың шешімі жиналысқа қатысушы қызметкерлердің көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс беру рәсімін мектеп еңбек ұжымының жалпы жиналысы анықтайды.

                 Еңбек ұжымының жалпы жиналысының құзырына:

  • директордың ұсынысы бойынша «Ұжымдық келісімшартты»  бекіту;
  • еңбек тәртібінің сақталуын қарау;
  • ұжым қызметкерлерінің міндеттерінің ауқымын белгілеу;
  • ұжымдық шарттың орындалуы туралы жыл сайын есепті тыңдау,т.с.с жатады.

4.5.     Мектепті   директор басқарады. Директор қызметке кәсіби тесттің қорытындысы бойынша, Қамқоршылық Кеңестің келісімімен Жетісу облысы білім басқармасының Панфилов ауданы бойынша білім бөлімінің басшысының бұйрығымен тағайындалады. Заңға сәйкес қызметтен босатылады. Мектеп директоры жеке билік принципі бойынша қызмет етеді және осы Жарғы анықтайтын өз құзыретіне сәйкес мектептің жұмысы туралы мәселелерді шешеді, мектепке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функциясын атқаруына жеке басымен жауап береді. Мектеп директоры өзінің орынбасарларын тағайындайды және қызметтен босатады. 

       Мектеп директоры:

  • мектеп атынан сенім хатсыз әрекет жасайды;
  • қаржылық құжаттарға қол қою құқығын иеленеді;
  • мектеп мүддесіне барлық ұйымдарда өкілдік етеді;
  • Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы осы Жарғы белгіленген деңгейде мектептің мүлкі мен қаражатын жұмсау құқығына ие болады, сенімхаттар береді;
  • Мектеп басшысы өзі басқаратын мекемеде сыбайлас жемқорлықпен қарсы іс-қимыл бойынша қабылдаған шаралары үшін дербес жауапкершілікте болады;
  • мектептің құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;
  • мектептің барлық қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
  • мектептің қызметкерлерінің арасындағы міндеттерді бөледі, қызметтік нұсқауларды бекітеді;
  • мектептің барлық қызметкерлері мен оқушыларына міндетті бұйрықтар шығарады;
  • қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңдары анықтаған мамандығына, функционалдық міндеттеріне сәйкес олардың оқу жүктемесін бөледі, бірлестік және сынып жетекшілерін тағайындайды, кабинет меңгерушілерін бекітеді.
  • оқуға, тәрбиелеуге, еңбек пен демалуға қажетті жағдайлар жасайды;
  • құрылтайшымен құзырлы мемлекеттік органдарға қызмет туралы есеп береді;

Мектеп директорының қызметін мектеп ішінде немесе мектептен тыс басқа да басқарушы қызметтермен (ғылыми-әдістемелік басшылықтан басқа) қоса атқаруға рұқсат етілмейді.


  1. БІЛІМ БЕРУ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ


  1.   Мектеп оқушыларының құқықтары:
  • білім берудің мемлекеттік жалпы білім стандарттарына сәйкес білім   

    алуына;

  • өзінің қабілеті мен қажеттілігіне сәйкес қосымша білім алу қызметін пайдалануға, оқу жоспарына сәйкес альтернативті курс таңдауға;
  • білім деңгейіне сәйкес орта білім мекемелеріне түсуге немесе (таңдау бойынша) ауысуға;
  • дәрігерлік қызметті пайдалануға;
  • мемлекет есебінен ыстық тамақ пен қамтамасыз етілуге;
  • білім алу түрін таңдауға (оқушылар жалпы білім беретін мектепте, жеке меншік оқу түрінде де, қашықтықтан, кешкі, сырттай және   экстернатпен);
  • қосымша (оның ішінде ақылы) білім беру қызметін пайдалануға;
  •  оқу мен шығармашылық қызметте жеткен жетістіктері үшін ынталандыруға және марапатталуға;
  • өзінің адамгершілік қасиетін, ар-ождан және ақпарат алу бостандығын қадірлеуге, өзінің көзқарасы мен ойын еркін білдіруге құқылы.
    1. Мектеп оқушылары:
  • білім алудың мемлекеттік білім стандарттары көлемінде білім алуға, қабілеттерін ұштастыруға және іс-тәжірибесін жетілдіруге, өзінің денсаулығына қамқорлық жасауға, рухани және дене бітімін жетілдіруге;
  • мектептің Жарғысының талаптарын орындауға;
  • ықыласпен оқуға, мүлікке үнемді болуға;
  • басқа оқитындар мен қызметкерлердің ар-намысын қадірлеуге, Жарғыда көрсетілген ішкі тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға міндетті.
    1. Мектеп оқушыларының ата-аналары (басқа заңды өкілдері):
  • балалардың ынтасына, жеке қабілетіне және ерекшеліктеріне қарай білім жүйесіндегі мүмкіндіктерге орай білім алудың түрлерін, білім беру ұйымдарын таңдап алуға;
  • балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға;
  • жарғыда белгіленген ережеге сәйкес мектепті басқаруға қатысуға;
  • өз балаларының оқу үлгерімі, тәртібі жайлы ақпарат алуға;
  • балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөнінде ақыл-кеңестер алуға құқылы.
    1.       Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар. (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы)
  • мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді;
  • ұлдардың мектеп формасы:

пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  • қыздардың мектеп формасы:

пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: 

           трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

  • мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға тиым салынады. Ескерту: ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 №248 бұйрығымен бекітілген
  • мектеп ішінде мерекелік іс-шараларда ғана оқушыларға пилотка киюге рұқсат беріледі. Қалған жағдайларда бас киім кию қарастырылмайды.
  • мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
  • ата – аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді. 
    1.    Ата-аналар (заңды өкілдер):
  • балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой – өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуды қамтамасыз етуге;
  • бес жастағы балалардың мектепалды даярлығын қамтамасыз етуге, алты жастан бастап жалпы білім беретін мектепке беруге;
  • балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге;
  • балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге;
  • мектептегі ата-аналар жиналысына қатысуға міндетті.
    1.       Мектеп қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері «Педагог мәртебесі» заңына және осы Жарғымен, ішкі тәртіп ережелерімен, қызметтік нұсқаулармен белгіленеді. Педагог қызметкер деп – педагогикалық қызмет атқаратындар есептеледі. Педагогикалық жұмысқа мамандығы сәйкес келетін мұғалімдер қабылданады.

                 Мектептегі педагог қызметкерлері:

  • кәсіптік қызметін атқаруға жағдай жасауға;
  • ғылыми ізденістердің тақырыбын және оның нәтижелерін педагогтік тәжірибеде қолданудың түрлерін еркін таңдауға;
  • мектепті басқару органдарының жұмысына қатысуына;
  • өз білімін көтеруге;
  • қызметте өсу мақсатында аттестаттаудан өтуге;
  • 56 күнтізбелік күнге созылатын жыл сайынғы  ақылы демалыс алуға;
  • жеке педагогтік қызметпен айналысуға;
  • өзінің кәсіби ар-ожданын қорғауға;
  • әкімшіліктің бұйрықтары мен өкімдеріне шағым айтуға;
  • педагогтік қызметтік жетістіктері үшін заттай және моральдық ынталандыруға;
  • Заңнамада бекітілген талаптарға сәйкес атестаттаудан өтіп педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер санаттарын иемденуге құқылы.

          Мектеп педагог қызметкерлері:

  • оқушылардың мемлекеттік жалпы білім стандартты белгіленген деңгейден төмен емес білім алуын қамтамасыз етуге;
  • оқушылардың көшбасшылығын дамытып,  сынып оқушыларын топқа бөліп, әр топқа жеке тапсырмалар беріп, кері байланыс алуға; 
  • өзінің мамандығын жетілдіруге;
  • өндірістік қажеттілікке байланысты педагогикалық, кіші педагогикалық, әдістемелік, директор жанындағы кеңестер мен сынып жетекшілер семинарларына қатысуға;
  • мектеп ережесінде қарастырылған қоғамдық жұмыстарды атқаруға;
  • педагогтік этиканың нормаларын сақтауға;
  • салауатты өмір салтын сақтауға және оны оқушылар арасында насихаттауға міндетті.


  1. МЕКТЕПТІҢ ЖҰМЫС РЕЖИМІ


 6.1.   Мектепте оқыту 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Мектепалды даярлық тобында оқу жылының ұзақтығы - 35 апта, 

         1- сыныптарда - 35 апта, 2-11 (12) сыныптарда - 36 оқу аптасы болады. Оқу жылы барысында каникулдар: күзгі – 7 күн, қысқы – 9 күн, көктемгі – 9 күн   беріледі. Мектепалды және бірінші сынып оқушыларына үшінші тоқсанның ортасында каникул беріледі.

6.2       Мектеп 5 күндік оқу аптасы бойынша жұмыс жасайды. Сабақ ұзақтығы – астрономиялық уақытпен 45 минут. Сабақ екі кезекте оқытылады. Бірінші ауысым 8:00, екінші ауысым 14:00.

6.3     Мектептің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидасына сәйкес белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.


  1. МЕКТЕП МҮЛКІНІҢ ҚҰРАЛУ ТӘРТІБІ


7.1.       Мектеп өз теңгерімінде тұратын мүлікке ие. Меншігіндегі мүлікті тиімді пайдалануға міндетті. Бекітілген мүлікті өз бетінше жұмсауға құзыретті емес. 

  7.2.       Мектеп заңды тұлғаның құқықтарын пайдалана отырып,   «Жетісу облысы білім басқармасының Панфилов ауданы бойынша білім бөлімі» ММ-нің шешімімен, мүліктік және мүліктік емес құндылықтарға иелік етеді, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңы негізінде қызметін жүзеге асырады, сотта талапкер және жауапкер болуға құқылы. 

  7.3        Мектепті қаржыландыру Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес іске асырылады. 

Қаржыландыру:

  • жергілікті бюджеттен бөлінген;
  • оқушыларға қосымша ақылы білім беруді қамтамасыз еткені үшін төлейтін ата-аналардан, заңды өкілдерден;
  • жеке және заңды тұлғалардан;
  • Қазақстан Республикасының заңдары тиым салмаған басқа да көздерден түскен қаржылары болып табылады. .

7.4       Мектептің қызмет барысында, оның ішінде өндірістік-шаруашылық пен тапқан кірісі қызметкерлер арасында бөліске түспейді, мектепті материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуге, жалақы төлеуге және Құрылтайшымен белгілі бір тәртіппен келісілген басқа да шығыстарды өтеуге жұмсалады.

7.5     Мектеп мүлкі:

  • меншік иесі берген;
  • өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған;
  • заңнамаларда тиым салынбаған өзге де қаражат көздерінің есебінен;
  • демеушілерден түскен мүліктерді қамтиды.

7.6        Мектептің қызметкерлеріне жалақы (кесімді қызмет ақы) аттестаттау комиссиясының ұсынысын ескере отырып және еңбек ақысына бюджеттік қаржыдан бөлінген мөлшер шеңберінде біліктілік талаптарына сай бірыңғай тарифтік кесте негізінде белгіленеді.

7.7    Қаржы – шаруашылық қызметін тексеруді тиісті органдар атқарады.


8.  ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАС


8.1       Мектеп әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады. 


9.  МЕКТЕПТІ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ


9.1         Мектепті қайта құру, тарату ерікті түрде Құрылтайшының шешімімен, ал еріксіз түрде заң актілерімен белгіленген жағдайларда соттың шешімімен атқарылады. 

9.2  Қайта құру мен таратуды шешім қабылдаған органның (Құрылтайшысының) шешімімен құрылатын қайта құру жөніндегі комиссия немесе тарату комиссиясы жүзеге асырады.

9.3      Қайта құрылған жағдайда мектептің ұқықтары мен міндеттемелері құрылтайшыға көшеді.

9.4      Қайта құру мен тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес атқарылады.

9.5      Заңды тұлғаны бірыңғай мемлекеттік тіркеу актісіне тарату туралы жазылғаннан кейін мектепті тарату ісі аяқталады. Одан кейін мектеп таратылды деп есептеледі.

9.6      Мектепті қайта құру немесе таратқан кезде Құрылтайшы кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарымен және басқа заңды өкілдермен келісіп, оқушыларды басқа жалпы білім беретін мемлекеттік мекемеге ауыстыру жөнінде өзіне жауапкершілік алады.

9.7       Мектеп таратылып болғаннан кейін мектеп құрылған кезде берілген және қызмет барысында алынған мүлік Құрылтайшыға қайтарылып беріледі.


10.  ЖАРҒЫҒА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ


10.1          Жарғыға өзгерістер мен толықтыруларды Құрылтайшы енгізеді  және  осы Жарғы белгіленген тәртіп бойынша бекітілуге жатады.

10.2  Нормативтік-құқықтық актілердің тәртібінде белгіленгендей толықтырулар мен өзгерістерді енгізу туралы мәлімдеме заңды тұлғаны тіркейтін мемлекеттік органға тапсырылады.


11.  КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕНІҢ ФИЛИАЛДАРЫ МЕН ӨКІЛДІКТЕРІ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР


11.1            Коммуналдық мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері жоқ.